Арқалықтық келіншек грант ұтып, кәсіп ашты
Биыл Арқалық қаласы бойынша 17 адам қайтарымсыз грант иегері атанған.
Солардың арасында қала тұрғыны Айжан Айтмағанбетова да бар. Ол үйінің шағын ас бөлмесін шағын наубайханаға айналдырған. Бүгінде тапсырыспен түрлі тәттілер пісіріп, отбасын асырап отыр. Тілі дәм үйіретін тәтті торттар пен тоқаштарды пісіруді оқушы кезінде анасынан үйренген.
Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана ретінде мемлекеттен 1 миллион 470 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленіп, алынған қаражатқа тоңазытқыш, мұздатқыш, пеш, газ плита сынды қажетті заттарымды сатып алып, шағын кәсібін бастап кетті. Сұраныс бар, айына бірнеше мәрте қомақты тапсырыс орындайды.
Айжанның мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда, екі бірдей ерекше күтімді қажет ететін балаларын бағып отырған ана мамандығы бойынша жұмысқа шыға алмаған. Басында баспанасы да болмай, үй жалдап жүрген уақытында «Dauletten» қайырымдылық қоры қарайласып, қаладан пәтер сатып алып берген. Енді, міне, өз шаңырағы болғасын, жаны қалайтын кәсібін бастауға тәуекел еткен жайы бар.
-Биыл маусым айында грант иегері атанып, нан өнімдерін пісіруге керекті құрылғыларымды алып, кәсібімді бастап кеттім. Қазіргі уақытта құдалық сынды шағын дастарханға арнап тапсырыспен түрлі тәттілер пісіремін. Торт, кекс, тоқаш – бауырсақтар, самса, тәтті нан, қамырдағы шұжық, бәліш сынды өнімдер дайындаймын. Осы кәсіптен түскен табыспен отбасымды асырап отырмын, -дейді қала тұрғыны Айжан Шүленқызы.
Грант иегері өнімдерін әзірге әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап жүр. Пісіргендері көпшіліктің көңіліненн шыққандықтан, тұтынушылар саны артып келеді. Қазірдің өзінде пісіретін тәтті түрлерін көбейтіп, сұраныстағы «шоколадты құлпынай» тәрізді тағамдарды жасауға бел буып отыр.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
0 просмотров