
Арқалықтық қалыңдық қайын жұртын алдап соқты
Арқалық қаласында өзін қалыңдық ретінде таныстырып, болашақ жарымен және оның туыстарымен бірге тұрып, бірнеше несие рәсімдеген келіншек бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zakon.kz Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін бірнеше рет сотталған әйел 2024 жылдың желтоқсанында әлеуметтік желі арқылы ер адаммен танысып, онымен жақын қарым-қатынас орнатып, Арқалыққа көшіп келіп, қалыңдық ретінде бірге тұра бастаған.
– Жәбірленуші мен оның туыстарының сеніміне кірген әйел, 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейінгі аралықта олардың атына бірнеше микрокредиттік ұйымдардан несие рәсімдеп үлгерген. Ал, алынған қаражатты жеке қажетіне жұмсаған, – делінген сот хабарламасында.
Нәтижесінде 9 жеке тұлға мен 7 заңды тұлға зардап шеккен, жалпы келтірілген материалдық шығын көлемі 5 миллион теңгеге жуық.
Сот үкімімен әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, жәбірленушілердің материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талаптары толықтай қанағаттандырылды.
Айыпталушы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіргенімен, шешім өзгеріссіз қалып, заңды күшіне енді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Сурет ашық дереккөзден алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31