
Арқалықтағы жаппай уланудың себебі анықталды
Бұған дейін Арқалықтағы мерекелік шара өткен мейрамханада жаппай улану оқиғасы тіркелгені туралы жазғанбыз.
86 адам ішек инфекциясына шалдыққан, олардың көпшілігі ауруханаға жатқызылған болатын. Зерттеу нәтижесінде екі қызметкерден сальмонелла бактериясы табылып, мекеме жұмысы уақытша тоқтатылды.
Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық тексеру толық аяқталған. 20-23 қазан аралығында Арқалық, Жанкелдин және Қостанай қалаларындағы инфекциялық бөлімшелерге 86 адам ішек ауруының белгілерімен жүгінген.
 Науқастардың басым бөлігі аурудың себебін сол мейрамханада дайындалған тағаммен байланыстырған. 16 адам шараға қатыспағанымен, сол жерден әкелінген тағамды жегені анықталған.
– 83 адам ауруханаға жатқызылды, олардың 82-сі емделіп шықты. Бір науқас әлі де дәрігерлер бақылауында. Барлық зертханалық талдау нәтижесінде Salmonella enteritidis бактериясы анықталып, «сальмонеллез» диагнозы расталды, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері.
Тексеру кезінде мейрамхана ішінде санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны белгілі болды. Осыған байланысты Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер мекеме қызметін уақытша тоқтату және қызметкерлерді жұмыстан шеттету туралы қаулы шығарған.
– Тағам өнімдері мен ауыз судан алынған сынамалардан қауіпті бактерия табылған жоқ. Ал қоршаған ортадан алынған 40 сынаманың жетеуінде ішек таяқшасы анықталды. Бұл мекеменің санитарлық жағдайының төмен екенін көрсетеді. Сондай-ақ, екі қызметкерден Salmonella enteritidis бактериясы табылып, оның науқастардағы қоздырғышпен бірдей екені дәлелденді, – делінген ресми хабарламада.
Мамандардың айтуынша, аурудың негізгі көзі – инфекцияны тасымалдаушы қызметкерлер болған. Олар өздерінде ауру белгілері байқалмағанымен, тағам арқылы жұқтыру көзіне айналған.
Қазіргі уақытта мейрамхана қызметі барлық бұзушылықтар жойылғанша тоқтатылды. Іс материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді. Егер тексеру барысында қылмыстық құрам анықталса, іс сотқа жолданады, ал өзге жағдайда мекеме иелеріне әкімшілік жаза қолданылады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31