
Арқалықта қой шаруашылығын дамытуға 4,8 млрд теңге инвестиция салынады
Арқалық қаласында ауыл шаруашылығын және мал шаруашылығын дамытуға бағытталған үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Жалпы құны 4 миллиард 800 миллион теңгені құрайтын жобалар өңірде 85 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Соның ішінде екі жоба қой шаруашылығына қатысты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов айтты.
Әмірхан Асановтың мәлімдеуінше, ең ірі жоба – «Ұрпақ Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 10 мың бас қой өсіруге арналған кешені. Бұл кешен 2025 жылы іске қосылады және оған 2 миллиард 100 миллион теңге инвестиция тартылған. Қой шаруашылығы толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген: мал базалары, сумен жабдықтау жүйелері, қоймалар және жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер бар.
Сонымен қатар, «АВ Agro-KZ» ЖШС 12 мың бас қойға арналған бордақылау алаңын салу жобасын жүзеге асырады. Оның құны – 1 миллиард 500 миллион теңге. Жоба 2025-2026 жылдары іске қосылып, 20 жаңа жұмыс орнын құрады.
Аталған жобалардан бөлек, Көктау ауылында 3 мың басқа арналған Эдильбаев тұқымының репродукторының құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамырында басталды. Бұл үшін 3 га жер бөлініп, 2 600 га жайылым және 600 га егістік жерлері бекітілген.
Арқалықтағы жаңа қой шаруашылығы кешендері мен бордақылау алаңдарының құрылуы өңірдің мал шаруашылығы саласына тың серпін береді деп күтілуде. Жобалар өндірістік қуатты арттырып қана қоймай, сонымен бірге өңірдегі жұмыссыздықты азайтуға да елеулі үлес қосады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31