
Арқалықта бос қалған көпқабатты үйлер қайта жаңартылуда
Арқалық қаласында көп жылдан бері қаңырап бос тұрған көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өтіп, тұрғындарға беріліп жатыр. Биылдың өзінде 48 отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады.
Көпбалалы ана Айсұлу Қызбекина бұл қуанышқа 2025 жылдың қаңтар айында кенелген.
«16 жыл бойы пәтер жалдап келдік. Енді өз үйіміз бар. Үй жылы, жарық, жайлы. Бала-шағамен қуанышты күн кешіп жатырмыз», – дейді ол.
Тозығы жеткен көпқабатты үйді жөндеуге жергілікті бюджеттен 752 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда 54 пәтерлі тағы бір үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, баспана кезегінде әлі 1246 тұрғын бар.
Арқалық қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жанат Құрмашеваның айтуынша, 1997-2000 жылдары бос қалған он шақты үйдің қазіргі таңда үшеуі ғана жөндеусіз тұр. Қалғанына қатысты құжаттар дайындалып, қаржы бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары басталмақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31