
Арқалықта бейнебақылау камерасының көмегімен велосипед ұрлығы ашылды
Арқалық қаласында көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінен велосипед ұрланғаны туралы хабарлама түскен.
Белгісіз тұлға ашық тұрған есікті пайдаланып, подъезге кедергісіз кіріп, құны 70 мың теңге тұратын велосипедті алып кеткен. Бұл туралы Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жедел іздестіру шаралары барысында Арқалық қалалық Полиция басқармасының жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерделеп, күдіктінің жеке басын анықтады. Ол – 19 жастағы жергілікті тұрғын.
Тергеу барысында жас жігіт ұрланған велосипедті бөлшектеп, оның дөңгелектерін өзінің спорттық велосипедіне орнатпақ болғаны белгілі болды. Күдікті ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері өңірде бейнебақылау жүйесі арқылы 309 қылмыстың беті ашылған.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға жеке мүлікті қараусыз қалдырмауға, велосипедтер мен басқа да бағалы заттарды қауіпсіз және құлыпталған жерлерде сақтауға кеңес береді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31