
Арқалықта ауызсу жүйесі жаңартылып жатыр
Арқалық қаласында су құбырлары жаңартылып жатыр.
Соңғы екі жылда қалада 40 шақырымға жуық су құбыры ауыстырылған. Бұл шаралар апаттардың алдын алуға және тұрғын үйлерге ауызсуды үздіксіз жеткізуге мүмкіндік беруде.
Бұған дейін қаланың жоғарғы қабаттарында тұратын тұрғындар үшін ауызсуға қол жеткізу үлкен қиындық тудырған. Мәселен, Арқалық тұрғыны Айгүл Садықова бұған дейін төртінші қабатқа су көтерілмегенін айтады.
«Егер кешке жақын жеке үйлер бақшаларын суарса, бізге су мүлде жетпейтін. Екі жыл бұрын құбырлар ауыстырылғаннан кейін судың қысымы жақсарды. Қазір су жақсы, қатты ағады», – дейді тұрғын.
Арқалық қаласында су жүйесін толық жаңғыртуға республикалық бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба екі кезеңнен тұрады.
Қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Өміржан Әбдібековтің айтуынша, 2023 жылы 20 шақырым су құбыры ауыстырылса, биыл тағы 19,3 шақырым су желісін жаңарту жоспарланған.
Ескі шойын құбырлардың орнына төзімділігі жоғары полиэтилен құбырлар орнатылуда. Мамандар олардың қызмет ету мерзімі 25 жылға дейін екенін айтады.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Участок бастығы Ерлан Асқарбайдың айтуынша, жалпы жұмыс қазан айына дейін аяқталуы тиіс. Алайда мердігерлер оны қыркүйекте толық бітіруді көздеп отыр.
Сумен қамту жұмыстары тек қала ішінде емес, ауылдық жерлерде де қарқынды жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 20 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, тағы 13 елді мекенде су тарату пункті ашылмақ. Бұл жоба ауыл халқын 100% таза ауызсумен қамтуға бағытталған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31