
Арқалық арқылы өтетін республикалық жолдар жөнделуде
Алдағы жылдары Арқалық арқылы өтетін жүк көліктерінің ағыны төрт есе артады деп күтілуде.
Бұған «Астана – Ырғыз» бағытындағы жаңа жолдың құрылысы және республикалық маңызы бар «Жезқазған – Петропавл» трассасының қайта жаңартылуы себеп. Бұл жобалар өңірлер арасындағы логистиканы жақсартып, жеке кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.
«Жезқазған – Петропавл» трассасының жөндеу жұмыстары бірнеше облыста қатар жүргізілуде. Қостанай облысында ұзындығы 71 шақырымдық жол бөлігі қалпына келтірілуде. Бұл учаске Ұлытау облысымен шекарадан Арқалыққа дейінгі аралықты қамтиды.
Жол жөндеумен айналысатын мердігер ұйымның өкілі Нұржан Нысанкұловтың айтуынша, бұл жол Кеңес Одағынан бері жөндеу көрмеген. Ойлы-шұңқырлы тегістеліп, жол іргетасы бекітілуде. Жөндеу қайта өңдеу әдісімен, жаңа материал, қиыршық тас және цемент қоса отырып жүргізілуде. Екі қабатты асфальт төселіп жатыр.
Уақытты үнемдеу мақсатында Арқалықта асфальт-бетон зауыты іске қосылған. Зауыт күніне мың тоннадан астам жол жамылғысын өндіреді. Кәсіпорын директоры Арман Пшембаев айтуынша, асфальтты уатылған қиыршық тастан дайындаймыз. Оны битуммен араластырып, 150 градусқа дейін қыздырамыз. Зауыттың сағатына 175 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқары бар.
Бұл жолды жөндеу арқылы оңтүстік өңірлерден елордаға дейінгі жол 600 шақырымға қысқарады. Жаңа бағытпен тәулігіне 2500-ге дейін көлік Арқалық арқылы өтетін болады.
Кәсіпкерлер үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Жол құрылысы мен жөндеудің арқасында тауарларды Қазақстанның барлық аймағына екі есе жылдам жеткізу мүмкіндігі артады.
«Астана – Ырғыз» тас жолының салынуы орталық пен батыс өңірлер арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл жол Арқалық пен Торғайды кесіп өтеді және 13 елді мекенді қамтиды.
Жол бойы бизнеске қызығушылық танытушылар қатары артты.
«Біздің кәсіпкерлердің бірі жаңа «Орталық – Батыс» тас жолының бойынан кемпинг салуды бастады. Онда қонақ үй, асхана және техникалық қызмет көрсету станциясы болады. Қазір жол бойы сервис ашуға ниеттілер көп. Біз барлық бизнес-жобаларды қарап жатырмыз», – дейді Арқалық қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Олжас Өтегенов.
Келешекте жергілікті халық жол бойы кемпингтер, жанармай құю бекеттері, тамақтану орындарын ашуды жоспарлап отыр. «Орталық – Батыс» магистралі Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Арқалық қаласының дамуына оң әсер етеді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31