
Арқалыққа керқұланның екінші легі жеткізілді
Торғай даласына керқұланның (Пржевальский жылқысы) жаңа тобы жеткізілді.
Бұл – «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасы аясында жүзеге асқан екінші халықаралық тасымал, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Жабайы жылқылар Чехиядағы Прага зоопаркі мен Мажарстанның Hortobágy ұлттық паркінен арнайы дайындалған әскери ұшақтармен тасымалданды. Әрқайсысында төрт жылқыдан барлығы сегіз керқұлан 2 маусымда жолға шықты. Ұзақ сапардан кейін 3 маусым таңында Арқалық қаласына келіп қонды. Одан әрі жануарлар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жеткізіліп, арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды.
Керқұландар алдымен кең қашаларда бейімделу кезеңінен өтеді. Мамандар оларды бір жыл бойы бақылап, күтім жасайды. Содан соң жабайы табиғатқа жіберу жоспарланған. Орталық қажетті инфрақұрылыммен және кәсіби ветеринарлармен қамтамасыз етілген.
«Бұл – Қазақстандағы биоалуандықты қалпына келтіру жолындағы маңызды кезең. Екінші топтың аман-есен жетуі – бір жылдық дайындық пен табанды жұмыстың нәтижесі», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
2024 жылы маусымда Қазақстанға әкелінген алғашқы 7 бас керқұлан бүгінде Торғай даласында жақсы бейімделіп, -30°C аязды қыстан аман шықты. Умбре мен Веспе есімді екі биеге GPS-қарғыбау тағылып, қозғалыстары арнайы бақылауға алынған. Жабайы табиғатқа босатылғаннан кейін де жануарлар АСБК мен мемлекеттік инспекторлардың тұрақты қадағалауында болады.
Жоба Қазақстан Үкіметінің бастамасымен Франкфурт зоологиялық қоғамы, АСБК, Прага, Берлин, Нюрнберг зоопарктері және Hortobágy ұлттық паркімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Чехия мен Моңғолияда жинақталған тәжірибе негізінде керқұландарды табиғатқа қайтару Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр.
Прага зоопаркі директоры Мирослав Бобек:
«Бұл – популяция құрудағы маңызды қадам. Біздің мақсат – табиғатта өмір сүре алатын бейімделген және генетикалық тұрғыдан әртүрлі жабайы жылқы тобын қалыптастыру».
2029 жылға дейін Торғай даласына 40–45 керқұлан әкелу жоспарланып отыр. Бұл — тұрақты, өміршең популяция құруға жеткілікті көрсеткіш. Табиғи мекен ретінде таңдалған «Алтын Дала» резерваты – жайылымға бай, суы мол, экожүйеге қолайлы аймақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31