
Арқалықта футбол алаңы ашылды
Арқалық қаласына қарасты Фурманов тірек ауылында жаңа шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары қуанышқа бөленді. Көптен күткен спорт нысанының ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Ерлан Раисов қатысып, тұрғындарды құттықтады. Балалардың спортмен айналысуына мүмкіндік берген бұл жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан.
Алаң «Бірлік-К» ЖШС демеушілігімен 10 миллион теңгеге салынған. Балаларға арнайы салынған бұл шағын футбол алаңы қауіпсіз әрі ыңғайлы. Енді балалар таза ауада ойнап, денсаулығын нығайтады. Бұл ауыл үшін болашаққа жасалған нақты қадам.Компания басшысы Қазыбек Қанапияұлына ауылдың дамуына қосқан үлесі үшін қала әкімінің Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ биыл ауылда 4 миллион теңгеге балалар ойын алаңын орнатып берген «Анжелла–Б» шаруа қожалығының иесі Рамиль Файзрахманұлы да құрметке ие болды.

Ерлан Раисов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын атап өтіп, соңғы бес жылда қала мен ауылдарда мемлекеттік қолдаумен және демеушілер есебінен 75 спорттық нысан, соның ішінде футбол, волейбол алаңдары, теннис корттары, көше тренажерлары және воркаут орындары салынғанын айтты. Сонымен бірге 53 балалар ойын алаңы пайдалануға берілген.
Ауыл тұрғындары атынан сөйлеген зейнеткер Балғабай Бақтыбай игі істің ауыл өмірін жандандырып, балаларға қуаныш сыйлағанын жеткізді.
Жаңа спорт нысанының лентасын «Бірлік-К» ЖШС директоры Қазыбек Қанапияұлы мен республикалық жарыстардың жүлдегері, спорт шеберіне үміткер Ерасыл Айбар қиды. Шара барысында балаларға футбол доптары табысталып, аналар шашу шашты.
Шұға Қоңқабай
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31