
Арқалықта концерт залы қайта ашылды
Арқалық қаласында ұзақ жылдар бойы пайдаланылмаған Бақытжан Байқадамов атындағы балалар музыка мектебінің концерт залы күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан ел игілігіне берілді. Ән мен күйге толы сахнадағы алғашқы кешке жиналған көрермендер классикалық музыка әлеміне саяхат жасап, ерекше әсер алды.
Кештің ұйымдастырылуына бастамашы болған мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов залдың жаңаша келбетімен қайта ашылуын қуанышпен атап өтіп, өнер ордасының жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы арта беретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, өткен жылы Дүйсен Қасейінов демеушілердің қолдауымен Арқалықтағы театрға заманауи шағын автобус пен жаңа рояль сыйға тартқан болатын. Сол сапарында да өнер майталмандарын ертіп келіп, тұрғындар тарапынан зор құрметке бөленген еді.

Бұл жолы да демеушілердің көмегімен мектепке тағы бір жаңа рояль әкелініп, оның әуезді үні алғашқы кештің сәнін кіргізді.
Сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Алтай Құсайынов пен Бекболат Байсағатов, халықаралық байқаулардың лауреаты, жас талант Нұржайна Әбілхайырова өнер көрсетіп, ұлттық және классикалық туындылардан тұратын бағдарлама ұсынды.
Құрметті қонақтар алдында Бақытжан Байқадамов атындағы музыка мектебінің «Арқа сазы» қазақ ұлт-аспаптар ансамблі (жетекшісі Әділ Ақан) де күй төгіп, ән әуелетті.
Кеш соңында қала әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ташимов меймандарға алғыс айтып, арнайы сый-сияпат табыстады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Мұрат Жүнісұлы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31
0 просмотров