
Арқалықта жаңа әуежайдың құрылысы қарқынды
Қостанай облысының әкімі Арқалық қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар нысандарды аралап, өңірдегі инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты.
Солардың ішіндегі ең маңызды бастамалардың бірі – Арқалық әуежайының құрылысы.
Аталған жоба Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 70 жұмысшы мен 35 техника жұмылдырылған. Қазан айында бұл көрсеткіш 150-200 адамға дейін ұлғаймақ.
Жаңа әуежай заман талабына толық сай келетін инфрақұрылыммен жабдықталады. Ұшу-қону жолағы жаңартылып, заманауи терминал, жарықтандыру және қауіпсіздік жүйелері орнатылады. Сонымен қатар жолаушыларға жайлы жағдай жасауға баса назар аударылмақ. Құрылыс күзде қарқын алып, қыс айларында ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаның мердігері – қостанайлық «Стройэлитдом» компаниясы.
Облыс әкімі құрылыс нысанында болып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әуежай тек Арқалық қаласы үшін емес, жалпы Торғай өңірі үшін стратегиялық маңызға ие. Ұзақ жылдар тоқтап тұрған әуе қатынасын қалпына келтіру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін шешуші қадам.
Жоба толық аяқталған соң Арқалықпен қатар, Жанкелдин және Аманкелді аудандары үшін көлік қолжетімділігі артады. Астана, Қостанай сияқты ірі қалаларға жету жеңілдейді. Өңірге инвестиция тарту, медициналық қызмет қолжетімділігі мен туризмді дамыту мүмкіндігі артады.
Қазір құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі жүріп жатыр. Оның аясында жерді дайындау, уақытша инфрақұрылымды орнату, құрылыс алаңын жоспарлау жұмыстары атқарылуда.
Жоспар бойынша жаңа терминалдың өткізу қабілеті сағатына 70 жолаушыны құрайтын болады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31