
Арқалық – Ұлытау күре жолы пайдалануға берілмек
Арқалықтан Ұлытау ауданына дейінгі аралықта салынып жатқан жаңа күре жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Қазіргі таңда құрылысшылар 83 шақырым жолдың жұмыстарын аяқтауға таяу. Жоба толығымен биыл аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жаңа жол салынғаннан кейін еліміздің орталығы мен батыс аймағы арасындағы көлік қатынасы 500 шақырымға қысқарады. Бұл – логистика мен өңірлік байланыс үшін аса маңызды жаңалық.
– Арқалық пен Ұлытау арасындағы жол – көп жылдан бері шешілмей келе жатқан өзекті мәселе еді. Бұрын бұл бағытта “көтерме жол” деп аталатын, бірақ шын мәнінде асфальтсыз, жай ғана тегістелген топырақ жол ғана болатын. Кеңес дәуірінен бері сол күйі өзгермеген жолда көліктердің жүруі қиын еді. Сол себепті бұл бағытта қозғалыс мүлде азайған болатын, – дейді сала мамандары.
Жол құрылысы аяқталған соң бұл бағыттағы жүк және жолаушы тасымалы айтарлықтай жанданады, мыңдаған көлік қатынайтын болады. Бұл – Ұлытау өңірінің экономикалық дамуына да серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық қадам.
Қазіргі уақытта жолдың 4 шақырымында төменгі қабат, ал 18 шақырымында жоғарғы қабат төселуі ғана қалған. Қалған жұмыстар ауа райы қолайлы болса, қыс түспей тұрып толық аяқталады деп күтілуде.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31