
Арқалықта шегірткеге қарсы күрес күшейтілді
Қостанай облысының оңтүстік өңірлерінде шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары қарқын ала бастады. Қауіпті зиянкеспен күрес облыстың 12 ауданында жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов Арқалық қаласына арнайы іссапармен барып, ахуалмен танысты. Бүріккіш техникалар мен химиялық препараттардың сақталуы және дұрыс қолданылуы қатаң тексерілді.
Бүгінде облыс көлемінде 204 мың гектар жер зерттеліп, шегірткенің таралу ошақтары анықталған. Оның 88,6 мың гектары – егістік жерлер. Қазірдің өзінде 82,1 мың гектар аумақ зиянкестерге қарсы арнайы препараттармен өңделіп, бұл жұмысқа 47 техника тартылған.
Өңделген жер көлемі бойынша Арқалық қаласы – 13,3 мың га, Аманкелді ауданы – 11,8 мың га, Жанкелдин ауданы – 31,9 мың га, Науырзым ауданы – 11,1 мың га.
«Қазіргі уақытта мониторинг қызметінде 263 маман мен аудан әкімдері жұмыс жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда тексерушілер саны арттырылады. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан 654 адам арнайы оқытудан өтті. Барлық өңдеу жұмыстары қатаң бақылауға алынған, – деді Арман Әбенов. – Бұл жұмыс Ауыл шаруашылығы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдардың бірлесуімен жүргізілуде».
Жергілікті шаруалар күзгі өнімге шегірткенің зияны тие ме деп алаңдаулы. Алайда мамандар зиянкестің таралуын дер кезінде тоқтату шаралары егістік өнімділігіне оң әсер етеді деп сендіріп отыр.
Шұға Қоңқабай
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31