
Арқалық диқандары шегіртке мен киіктен қауіптеніп отыр
Арқалық қаласы аумағындағы егін шаруашылығы биыл бірқатар қиындықпен бетпе-бет келіп отыр.
Мамандардың айтуынша, 56 мың гектар жерде шегірткелердің ошағы анықталған. Бұған қоса, жаздың аса құрғақ әрі ыстық болатыны болжануда.
Жергілікті шаруа Қазбек Мұқашев 13 мың гектар алқапта ылғал жабу жұмыстарын жүргізіп, топырақтағы ылғалды сақтау үшін гербицид қолданғанымен, мамырдағы аңызақ жел егістікті тез құрғатып жіберген. Күннің аптап ыстығына техникалар да төтеп бере алмай, шаруалар дән себуді тек күн батқан соң жүзеге асыруда.
Диқандарды шегіртке ғана емес, киіктің де көбейіп кетуі алаңдатып отыр. Өткен жылы Арқалық маңындағы мың гектарға жуық алқап киік тұяғымен тапталып, үлкен шығынға ұшыраған. Биыл да сондай жағдайдың қайталану қаупі жоғары. Шаруалар егістік алқаптарын мотоциклмен күзетіп, түрлі белгілермен қоршауға көшкен.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде Арқалық бойынша егістік көлемі 328 680 гектарға жеткен. Оның басым бөлігі – бидай алқабы. Дегенмен, майлы және мал азықтық дақылдардың үлесі жыл сайын артып келеді. Биыл майлы дақылдар көлемі 2 мың гектарға ұлғайған.
Қазір шегіртке дернәсілдерін қанаттанбай тұрып жою мақсатында улау жұмыстары жүріп жатыр.
Суретті түсірген – Қыдырәлі АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31